Ендеше, Қызыл Армияны қуаты атты әскерден бастап, аспан төңкеретін зеңбіректің барлық сыныптағы түрлерін көзбен көріп, көңіліне ой тоқыған, ұрыстың он-сан тактикасын Құрандай жатқа білетін Баукеңнің Қазақстандағы бірден-бір әскери құзыретті мекемені басқаруға ниетін бүгінгі күні біз былай топшылар едік. Намысқой командир ұлтының қолына қару ұстай алар жасқа жеткен азаматының нағыз жауынгер екенін көрсеткісі келгені шығар, бәлкім! Жаугер халықтың жауынгер ұрпағының қандай ұрыста да алдыңғы шепте жүретінін дәлелдемек болғаны шығар! Ең өкініштісі, ұлт батырының күндей күркіреп өткен шақтарында қызғаныштың қызыл итін мінгендер шамасы жеткенше оның жолына кедергі қойып бақты. Соған қарамастан, Тәуелсіз қазақ армиясының ең алғашқы құжатын жасағандар бүгінгі ел қорғанысының шебі Бауыржан Момышұлының бір кездегі ақылымен басталған іс-шаралар еді дейді. Әруағы мен тәжірибесі сүйеніш болды дейді. Қалай сенбейсіз?!
Атақты Жуалының қойнауындағы Алатаудың етегінде бізбен көрші ауылда туған Бауыржан Момышұлының даңқына әдебиет пен тарихтан да бұрын ауылдағы үлкендердің аузынан естіп өскен ұрпақ едім. Білетінім, Баукең 1982 жылы Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы қарсаңында жазда қайтыс болды. 1983 жылы Қазақ КСР Үкіметінің Отанымыздың астанасы Мәскеуді қорғаған даңқты полковниктің есімін мәңгілікке қалдыру туралы қаулысы шықты. Енді – безбеннің екі басына ер Баукеңнің өзі туған Момыштан тарайтын ұрпақ тұратын Ленин атындағы колхоз бен Момыштың інісі Момынқұлдан тарайтын ұрпақ жайласқан Карл Маркс атындағы колхоздың атын беру мәселесі тұрды.
Кеңестік идеология солдаттарының үрейленгені сонда ғой, екі ұсыныс та өміршең болмай қалды. Аяқ астынан мен туған көрші «Кременевский» совхозының аты Бауыржан Момышұлы деп аталды. Коммунистердің айбатсыздығын мойындамасқа шара жоқ, десе де, жанға жағымдысы – Алматыдан ауылға барғанда тірісінде бетпе-бет кездеспеген ағамыздың тас мүсініне тесіле қарап, тоқтап, сүйсініп өтуші едік. Мынау тұрған 80-жылдардың басында ғана дүниеден өткен Батыр Баукеңмен бір кездесе алмаған өкініш өзекті өртеп қала берді...
Есесіне Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат аға Бигелдиновпен қанша рет ұзақ сырласқан күндер санадан еш өшпейді. Қазақ әскерін – Қазақстанның Қарулы Күштері құрылғандағы Талғат ағамыздың қуанышын көзімізбен көрдік! Әскери бөлімдер атақты әскери ұшқышты алқанына сала жауынгерлер алдында әкеліп, ұзақ-сонар әңгімесін тыңдатудан жалықпайтын. «Қаракемердегі әскери бөлімде кенет әңгімені доғарып: «Кәне, ұлым-м, турникке тартылшы, күшіңді көрейін», деді жүздесудің бірінде. Әлжуаз жасөспірім солдат үшінші ретте қиралаңдап қалғанда, «понимайешін» бір айтып, «ех, маменькины сынки» деп турникке қарғып қол созып, тез-тез үш рет тартылып «осылай болу керек» деп секіріп түскені де көз алдымызда.
«Жап-жас жігітсіңдер, сендердің жасыңда бұл темірді мен осіндегі күн секілді шыр айналатын едім» деп және риясыз «бұрқ» етті. Деді де қасында тұрған «Ленинская сменаның» («ЭкспресК») тілші қызына білегін түріп, бұлшық етін көрсетті: «Ұстап көрші, міне, бұл – спорттың арқасы!» Сол тұста Талғат ағамның 75-тің желкесін мінген кезі. Осы бір көрініс жас жауынгердің ғана емес, бөлімше командирлерінің делебесін қоздырғаны анық.
Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерін құрайтын жап-жас бұла күш иелерінің жанарларынан жасын оты жарқылдады. Сұңқар тектес ағамыздың бір ғана шалт қимылы кейінгі ұрпаққа мәңгі сабақ болып қалғанында еш шүбә жоқ! Құрыштан құйылғандай қазақ армиясының салтанатты сапта жүрген нық қадамын көрген сайын жаужүрек аға ұрпақ өкілдерінің бейнесі елестейді. Бүгінгі көз қуанышымыз – жауынгер, дауылпаз ағаларымыздың кешегі күнгі асыл арманы еді ғой!..
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»